Ол 1895 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Дегелең ауылында туған. Қаламгер бұл туралы естеліктерінің бірінде былай деген екен: «Шешеміздің айтуы бойынша, салқын күздің аяғында, терістіктен ызғырықтап жел соғып, ұшқындап қар жауып тұрған суық күні дүниеге келіппін. Табиғаттың маған еншіге бергені ме, әлде жасағанның бұйрығымен болатын құбылыс па,-білмеймін, әйтеуір жылда осылай, менің туған күнімде терістіктен жел ызғырықтап, ұшқындап қар жауып тұратын әдеті. Бүгін де, міне, ауа райының күрт бұзыла қалғанын көрмейсің бе. Сірә, мені қыспаққа салғысы, сынап алғысы келетін шығар. Бірақ мен де көне қоймаспын». Расымен де, С. Бегалиннің ұдан былайғы өмірі үнемі күреске, тартысқа толы болды. Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол-сазды лирик, сыршыл ақын. С. Бегалиннің өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Талантты аудармашы. Қаламгер Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. Жазушы сексен сегіз жылдық ғұмырында жиырма шақты поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған екен.Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны "қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы" және "классигі" деп атайды.
Жалпы, Сапарғали Бегалиннің балаларға арналған шығармашылығына шолу жасай отырып оны бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа аң аулауды, мергендерді суреттейтін: «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген» деген әңгімелерін атасақ, екінші топтағы: «Будан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы» атты поэмалары мал шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекшілерді қиын да қажырлы өмірін паш етеді. Ал табиғатты қорғау, балалардың жан-жануарларға деген қамқорлығы, қоршаған ортаға деген жақсы көзқарас қалыптастыратын «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Мектеп бағында», «Хат», «Есеннің кірпісі» деген әңгімелері тағы бір топқа жинақталған. Жазушының көтерген күрделі тақырыбы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отан қорғаудағы қаһармандық күреске арналған. Бұған автордың «Тағы кездесті», «Машинист», «Жеткіншектер», «Киіксор» атты әңгімелері енген. Жазушы Бегалиннің тағы бір үлкен тақырыбы жас жеткіншектердің кейбір ұнамсыз мінез-қылықтарын, есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етеді, өмірге икемсіздікті мінейді, соларды түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Бұған автордың «Ойламаған жүріс», «Ұрыншақ», «Жершіл шымшық», «Бес батыр», «Сымбатты Сима» әңгімелері жатады. Жазушының шығармаларынан өмірді терең таныған мол тәжірибесі көрініп отырады және бұның өзі жасөспірім жеткіншектерге үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Сонымен қатар жазушы өз әңгімелерінде мектеп жұмысын өндірістік оқу жұмысымен тығыз байланыстырып, балаларды болашаққа, дұрыс бағытқа меңзейді.