Даладан үйге кірген адам қалыптасқан ғұрып бойынша кебісін шешіп, оң жақ босағаға қатарластырып, тұмсығын отқа, сірі өкшесін іргеге қаратып қоюға тиісті.Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Бұлай жасаса адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды деп сенген. Аяқ киімнің табаны әр жерді басып, кір болатындықтан табанына қарамауға тырысқан. Өйткені көз ұшынады деп ойлаған. Табанына көзі түссе үш рет түкіреді. «Етік жолға бастайды, шалбар (жастансаң) сорға бастайды» деген наным бойынша жорықта басқа жастанатын ештеңе болмағанда, етігін жастанып жатқан. Сұқ тиген баланы ұлтарақпен үш рет ұрып, ұшықтаған. Жаңа ұлтарақты аяқ киімге саларда алдыңғы жағының басын бойлата тіліп, иесінің «жолын ашу» ырымын жасаған.