Мемлекет және қоғам қайраткері, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына, 1917 жылғы төңкеріске қатысушы. Қазіргі Алматы облысы, Талғар ауданында туған.
1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, ал 1910-1914 жылдары Пішпектегі (қазіргі Бішкек) ауыл шаруашылық училищесінде оқиды, бітіргеннен кейін баубақшашы мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Тұрар Меркеде және Ташкент түбіндегі далада жұмыс жасайды.
1916 жылдың жазында ол Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырады, сонысы үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттануының мектебі болды және олардың алдағы тағдырын көп жағынан айқындап берді.
1916 жылы күзде Т. Рысқұлов Ташкенттегі мұғалімдер институтына түседі.
1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағаны жөнінде хабар алған сәттен бастап, Т. Рысқұлов Ташкенттегі оқуды тастайды, сөйтіп, Әулиеата оязындағы Мерке ауданына келеді, онда ол жергілікті кулактардың, » 1916 жылғы көтеріліс кезінде орыс тұрғындарына зиян келтірді» деген желеумен, оның орнын толтыру мақсатында, түпкілікті халықтан аса мол контрибуция төлету женіндегі жоспарын бұзады. Еркіңдік пен тәуелсіздік үшін жан-жақты күрес жүргізу үшін 1917 жылдың басында Әулиеатада Тұрар «Казақ жастарының революциялық одағын» ұйымдастырды, 1918 жылы ол Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Өзінің қоғамдық қызметінің әу басынан көшпелі ауылдың жағдайын жақсартумен айналысты.