Құранда Алла Тағала былай дейді: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де» («Әли Имран» сүресі, 31-ші аят). Хадисте: «Менің сүннетіме ілескен адам мені шын жақсы көретін және менімен жұмақта болатын адам» (Тирмизи) делінген. Олай болса, біз күнделікті өмірдің әрбір сәтінде, әрбір амалында Пайғамбарымызға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ілесу керекпіз. Мұнда сөзсіз табыс пен береке бар. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүйікті тағамдарын жеу арқылы сүннетті жаңғыртамыз, оған ілесу арқылы сауапқа кенелеміз және жанымыз бен тәнімізге шипа табамыз.Құрма – Құранда ең көп аталатын жеміс. Құрамы жасұныққа (клетчатка), темірге, дәруменге және минералға бай. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Күнін жеті сығымдалған (әжуа) құрманы жеумен бастаған кісі уланудан және дуадан аман қалады» (Бұхари және Муслим) және «Құрмасыз үй тағамсыз үй секілді»,-деген. Ол ауызды құрмамен немесе сумен ашатын. Құрмамен бірге қиярды, сары майды және нанды жеуді әдетке айналдырған.