МузағаМұқағали МақатаевОтырғанын қарашы күйім келмей,
Қайда кеттің?
О, Муза! Құйын желдей.
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді,
Қаңыраған иесіз диірмендей.
Мұздатады жанымды бұйым көрмей.
Жел үреді желпініп, көрік-кеудем,
Күйім келмей отырмын неліктен мен?!
О, Муза!
Қайдасың сен желік берген?
Жалын мен отқа ғана ерік берген
Серігім, қайдасың сен сеніп келген?
Дәптер жатыр парағы аударылмай,
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,
Тонна-тонна қорғасын салмағындай.
О, Муза!
Әуреге салғаның-ай!
Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер.