Ответ:
Жарық, көлеңке – бейнелеу өнерінде заттардың көлемін, пішінін шынайы көрсету үшін немесе (туындыда) суретте кеңістікті (перспективаны) білдіру үшін қолданылады.
Егер геометриялық денелерді жазықтық бетіне тексызықтармен бейнелеп қойсақ, онда ол денелер сымнан жасап қойған тәрізді болады.
Осы денелер бейнесіне жарық, көлеңке реңін түсіріп бояу арқылы ол денелердің кеңістіктегі шынайы пішінін, көлемін, қандай материалдан жасалғанын жазықтық бетінде көрсетуге болады.
Бейнеленетін обьектілердің жарық түсіріп тұрған жағы жарық деп, ал екінші қарама-қарсы жағы көлеңке деп аталады.
Заттың жарық көзінен сәулелер түспейтін жақтары меншікті көлеңке деп аталады.
Жарық түсіп тұрған заттан екінші заттың бетіне түсетін көлеңкені түспе көлеңке деп атайды.
Жарықтан көлеңкеге ауысар жері шала көлеңке деп аталады. Мөлдір нәрселерге жарықтың тікелей түсіп, шағылған бөлігі жылт деп аталады.
Меншікті көлеңкенің жарықтау жерлерінде рефлекстер болады. Бұлар жақын тұрған заттардан шағылысқан сәулелердің меншікті көлеңкеге түсуінен пайда болады.
Жылтыр немесе мөлдір заттардың бетіне түскен өте ақшыл дақтарын көру қиын емес. Бұл – заттың өзіне түскен сәулелерді ең көп шағылыстыратын жері. Бұл дақтар заттардың дөңес және ойыс бетінде, сондай – ақ олардың қырларында көбірек байқалады.
Бейнелеу барысында заттың қай бөліктеріне жарық түсіп тұрғанын дұрыс ажырату үшін жарық көзінің қандай екендігін, сондай – ақ жарық сәулелерінің бағытын анықтап алудың маңызы зор.
Жарық – көлеңке іздерінің кезеңдері түстік реңдер арқылы сызылып көрсетіледі.