Шындық деген шымылдық біреулерге,
Қалқа қылып шындықты жүрер пенде.
Шымылдығын шындық кеп жұлып алса,
Шыбыны ұшып, бейшара кірер жерге, –
деген өлең жолдары санамда сан рет қайталанып жүр. Қазіргі заманда өз орны бар өткір өлең. Шындық, иә, шындық... Бұл сөзді көп адамдар ұната бермейтіні хақ. Себебі шындық бар жерде ғана шынайы бейне қалыптасады. Мен жүрген жерде, мен сүрген ортада көбіне ақиқаттың ауылы алыстан көрінеді. Неге дейсіз бе? Себебі адамдардың өзі шындықтан гөрі жасандылыққа көп мән береді.
Адам баласында ұлттық рух деген болады. Ұлттық рухты ақыл айтумен жетілдіруге болмайды. Ақиқатты айтатын адамдар көбіне басшылық жасап отырған «билікші» адамдарға ұнамай жатады. Себебі шындық біреулерді шырмап тастаса, енді біреулердің «жанды» жерін «тырнап» тастауы мүмкін. Ақиқатты айту үшін бірінші арыңның алдында есеп бересің. Ар-ұждан ақиқаты үкім жасағанда барлық бүкпесіз шындықты айтып саласың. Шындықты айтсаң бетіңнен шармай алып, шыбын жаны шырқырап немесе шымбайына қаттырақ батса, шоршып түскен шортандай иіріліп не суға түскен сабындай сусылдап кете баруы мүмкін көріністер орын алады. Өтірік - тәтті, әрине, өмірі қысқа, ал шындық - ащы, бірақ өміршең.
Неге қазір адамдардың басым бөлігі шындықтың шырмауынан қорқып, өтіріктің өрмегін құрады. Кейде сырттан бақылап отырсаң, ертегі кейіпкерлері көз алдыңа елестейді. Мысалы, аң патшасы арыстанның алдында түлкідейін түрленіп шығатын, алдында айтатын сөзін де, образға кіретін жасанды түрін де дайындап жүретін бейнедегі адамдарды көп байқаймын. Ол ол ма, аю сияқты ұйқыны жақсы көретін, бал сияқты өмірі тәтті және бір қалыпты өтетін бейнелерді де көреміз. Әрине, бұлардың барлығы өздеріне жақсы, себебі «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өте шыққаны жақсы емес пе? Құдды бір ертегі әлемінде жүргендейміз. «Мақтау сөздер рухты топастандырады» демекші мадақтаудың мәнін асырып, жағымпаздықтың жаңаша түрлерімен (әртүрлі жағдайда) әспеттеп, әсірелеп жатқаны. «Өркөкірек адам шыншыл бола алмайды, олар өшпенді, тырысқақ және өкпешіл келеді» дейді Мырзагелді Кемел. Өте орынды, өркөкірек адамның кеудесі көкте қалықтап жүргенде, қарапайым адамның ақиқатын айтам деген жанайқайын не қылсын? Айтқан жағдайда атып кетеді не сатып кетеді, ол болмаса «шамын» қолына алып шарқ ұрып қыр ізіңде жүреді, сыпсыңдап сыртыңнан әңгіме айтып, айтқаның үшін отқа да салып, суға да батырып жатады. Жалғандық пен жасампаздақ өміршең дүние емес қой. Адамдардың осыны біле тұра жандарына жақын тұтатыны ойландырады. «Билікші би-көкелердің» алдында иіліп төсек, жайылып жастық болып, өз бейнесін жасанды сомдағанда ар алдында есеп бермейтін болғаны-ау деген ой келеді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей «турадан» гөрі үш қайнаса да сорпасы қосылмайтындардың «туған» болып шыға келетінін қайтерсің. Д.Қонаев «Бүйрегім бұрып, бұра тартсам, өзге түгілі, өз қадіріме жеттім дегенім - бекер» деген сөзі әр азаматтың жүрегінде тұрса дейсің. Жалған сөздің жетегінде кетіп, «бүйрегіңнің бұрғысы келетін жаққа қарай» бағыт алсаң, қадір туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бірақ қазір қадірдің де құны қалмаған-ау. Кейде бұрынғының билігінде болып, зейнетке шыққан абзал азаматтарды көргенде, осылардан неге үлгі алмасқа дейсің. Себебі, қызметтен кетсе де, кішілік пен кісіліктен кетпеген.
«Заманың тазы болса, түлкі болып шал» деген мақалды көп адам асыра пайдаланып жатыр-ау. Иә, заманның ағымына қарай, «түлкі» болып өмір сүрген де жақсы шығар, алайда ақиқаттан аттауға болмайды ғой. Қара қылды қақ жарған, тура жолдан таймаған, қазақы сөздің қаймағын қалқып ішкен, аузы дуалы билердің ізін жалғастырсам деген іштей арманым бар. Кейде қаншалықты турасын айтсаң да, әділдіктің орны аяқ астында қалып қоятынына қарным ашады. Халық - сыншы. М.Кемел тағы бір сөзінде: «Адам айна сияқты. Айнаға жылы шырай танытсаң - күлімсірейді, ашулансаң - ол да ашуланады» деген екен. Адам - халық, халық - айна. Халықпен санаспай, биікке көтерілемін деу - ақымақтың ісі. Шындықты жасырып, «аузымен орақ орып, тілімен оны баулап» көпшілік алдында «көпіріп» отырады. Халық қаласа суға да батырады, көкке де көтереді. Әдемі сөзбен әспеттеп, әділін айттым деп астарлап сөйлеудің де өз орыны бар. Осындай мәселеге келгенде затым әйел болса да намыстанам. Намыссыз еркек болғаннан, намысты әйел болғаным жақсы. Сондықтан көп жерлерде ақиқатын айтып, әділдікті әспеттеп отыратыным көп адамдарға жаға бермейді. Жақпай қалам деп те ақиқаттан аттамаймын. Өйткені:
Біреулерді тұрса да басып қайғы,
Шын жүреді көңілін жасытпайды.
Шындық деген шыдамды парасат қой,
Шындық жолын табады, асықпайды.