1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымының мүшесі атанды. Сондай-ақ, осы жылы мемлекеттік рәміздер — әнұран, елтаңба және туды жасауға конкурс жарияланды. 1992 жылдың 4 маусымында ҚР президенті "ҚР мемлекттік туы", "ҚР мемлекеттік елтаңбасы", "ҚР мемлекеттік әнұраны туралы" заңға қол қойды.1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғары кеңес Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңын қабылдады. Мұнымен қатар, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, ұлттық валюта енгізу жөнінде мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылданды. Комиссия төрағасы болып премьер-министр Сергей Терещенко тағайындалды. Дербес ақшаның енгізілетіні туралы қазақстандықтарға небәрі үш күн бұрын ғана хабарланды.
1994 жылы бір топ қазақстандық студент алғаш рет "Болашақ" бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Аталған стипендия түлектердің кәсіби маманданып, қызметте табысты жоғарылауына көмектеседі. Бүгінде "Болашақ" түлектері көптеген мемлекеттік қызметте, отандық және халықаралық ұйымдарда, акционерлік қоғамдарда жұмыс істеп жүр.
1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.1996 жылдан бастап Қазақстан Америка құрлығының барлық 35 мемлекетінің басын біріктіретін ірі өңірлік ұйымға тұрақты бақылаушы мемлекет болды.
1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. Осы жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін Алматыдан Ақмолаға шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Сондай-ақ, 3 желтоқсанда ҚР премьер-министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті.
1998 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы реформасы басталды. Мемлекет зейнетке шығу жасын әйелдер үшін 58 және ерлер үшін 63 жасқа дейін ұзартты. Осы жылға дейін 55 және 60 жастан бастап шығып келген еді.
1998 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасында кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 79,78 % дауыс жинап, жеңіске жетті. Осылайша мерзімі тағы жеті жылға ұзартылды.
2000 жылдың 10 қазанында Астанада халықаралық экономикалық ұйым ретінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Аталған қоғамдастықты құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері қол қойды. Кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, қоғамдастық алынып тасталды.