Нострадамус (Nostradamus), Мишель Нотрдам (Mіchel de Notredame) (14.12. 1503, Cен-Реми, Франция – 17.7.1566, Марсель маңы) – француз дәрігері және астролог. 1522 – 25 ж. Монпелье ун-тінде медицинадан білім алды. Өзінің дәрігерлік қызметін жұқпалы аурулармен күреске арнаған Н. Францияның көптеген қалаларында халықты ауыр дерттен емдеп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ол мед. тәжірибені магия, астрология және басқа да окульттік ғылымдарды зерттеумен ұштастырып, болмыс құпиясын танып-білуге тырысты. 1550 жылдан ай сайынғы болжаулар альманағын шығара бастады. Оның проза түрінде жазылған екі жолдаудан (баласы Цезарь Нострадамусқа және Франция королі ІІ Генрихке арналған) және шамамен 970 өлең жолдарынан тұратын “Центурия” атты шығармасы 16 ғасырдан бастап адамзатты болашақта күтіп тұрған оқиғалар мен құбылыстарды болжауға арналған. Н. адамзаттың басына түскен апаттар мен ауыртпалықтардан құтылу мүмкін болмаса да, оларға еріксіз тартылған адам өз бойында ержүректік пен сабырлылықты тәрбиелеуі керек деп есептеді. Адам баласы ерте ме, кеш пе, басында жазылмайтын деп есептелген ауруларға қарсы дәрі табады, тарих белгілі бір ырғақты, бір ізділікпен қайталанып отырады деген көзқараста болған Н. болашақ әлемде тех. жетістіктер мен ғыл. ашылымдардың орын алатынын, астрономияның ғылым ретінде дамитынын дәл болжап берді. Сондай-ақ, жоғары дамыған тех. өркениеттің мәңгілік серігі құлдыраған монархиялар, төңкерістер мен соғыстар болатынын да алдын ала болжай білді.