Еңбекте тілдік білім беру үрдісінің үлгісін танымдық лингво мәдениеттанулық әдістеме тұжырымдамасының негізінде көрсетеді. Үш тілде білім беру жобасы негізінен, қазақ тілінің аясында жүзеге асатыны белгілі. Үш тіл білу «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп қазақ мақалы айтқандай, қоғамның интеллектуальдық мүмкіндігінің көтерілуіне, маманның бәсекеге қабілетті, икемделгіш болуына ықпал етеді. Білім беру үрдісінде үш тілді меңгерудің қажеттігі мен үштұғырлы тіл саясатының күн тәртібіне шығу себебі әлемдік ақпараттық кеңістіктің дамуы үшін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін, мәдениеттер сұхбаттастығының тиімділігін қамтамасыз ету үшін, білім алу кеңістігінің біркелкі болуын қамтамасыз ету үшін, тілді қашықтықтан оқып-үйренудің тиімділігі үшін қажет болуымен түсіндіріледі. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, мысалы, жоғары оқу орындарында орыс тілін оқыту арнайы осы тілдегі дайындықты тереңдету мақсатын көздейді.