Қазақстан арқары (лат. Ovis ammon collium) – қуысмүйізділер тұқымдасына жататын аң. Сарыарқада, Қалба жотасында, Тарбағатайда, Маңырақ пен Сауыр жоталарында таралған. Құлжасының дене тұрқы 150 – 200 см (аналығы 110 – 160 см), шоқтығының биікт. 125 см-дей (аналығында – 112 см-дей), салмағы 200 кг-ға жуық (аналығы 60 – 100 кг). Құлжасының мүйізі өте мықты, бұралып иілген, қатпарланған сақиналы, аналығынікі – нәзік, қысқа, сарғыш бозғылт немесе қоңыр түсті болады.
Қоқиқаздар (лат. Phoenicopterus)[1] - дене бітімі ерекше, тұмсығы имек, сирек кездесетін құстар. Қоқиқазтәрізділер сабы (лат. Phoenicopteriformes) және қоқиқаздылар тұқымдасының (лат. Phoenicopteridae) жалғыз туысы. Қызыл қанат деп те аталады. Қорғалжын қорығындағы Теңіз көлінде ғана ұялап, жұмыртқалайды. Ол басын суға батырып, түбін қопарып, судағы жәндіктерді аузына толтырып сүзіп алып қоректенеді. Ұя жасауға да су түбіндегі тұнбаны пайдаланады. Ұшып бара жатқан қоқиқаздың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан оларды кей халықтар “от немесе жалын құс” деп те атайды.