Модуль (лат. modulus – өлшем)
қандай да бір аса маңызды коэффициенттің немесе шаманың (мысалы, тістер модулі, серпімділік модулі, комплекс сандар модулі) атауы;
құрылыстағы және сәулет өнеріндегі шартты бірлік. Мұнда модульге ғимарат элементінің не құрылыс бұйымының (мысалы, кірпіштің) бірінің ұзындығының өлшемі не мөлшері алынады;
бөлшектердің үйлестірілген (бірыңғайластырылған) торабы;
шетелдік әдебиетте кездесетін ғарыш кемелерінің құрамдас бөліктерінің атауы;
компьютерлік жүйелерді техникалық жабдықтаудың бір құрамдас блокқа біріктіріліп жасалып, басқа құрылғылармен байланысу мүмкіндіктері бар функционалдық бөлігі. Модульдер жүйе қызметін атқару ісін (эксплуатациялауды) оңайлатады, олардың бірі істен шығып қалған жағдайда оңай алмастырылады және жүйе құрамын толықтыру, жетілдіру істерін де жеңіл жүзеге асыра алады;
бағдарламалау тілдерінің жекелеп өңдеу, түзету мақсатында ішкі бағдарламаларды, процедураларды белгілеп, бір топқа біріктіруге арналған объектісі. Модульдер бағдарламалар дайындауда бір-бірімен біріктіріліп, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей алады. Бағдарламалаушылар жұмысын жеңілдететін бағдарламалау тілінің құрамына кіретін стандартты және әркім өзі жасайтын тұтынушы модульдері болады. Модульдік бағдарламалау – бағдарлама жасау процесін және оларды түзетуді жеңілдететін бағдарламалау технологиясы, мұнда әрбір бағдарлама бірнеше модульді біріктіру арқылы құрастырылады.