Би — музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер.
Адамдардың күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім-әсерлері би қимыл-қозғалыстары мен ишараларына негіз болған. Табиғат құбылыстарын, аңшылық және соғыс көріністерін белгілі жүйеге түскен ырғақты қимыл — бимен бейнелеу көне дәуірде өмір талабынан туды. Келе-келе би қимылдарының мәнерлеу мүмкіндігі мен тәжірибенің молаюына орай жеке би өнері қалыптасты.