Қасаболатұлы Баян– бүкіл өмірін қазақ жұртының
тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек ардагерлердің бірі, батыр.
Батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген.
Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып, «Батыр Баян» атанған. Батыр Баян жөніндегі
деректерді Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян поэмасынан, жыраулар
шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады. Тарихи
деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі
шоқтығы биік болып көрсетіледі. Қазақ батырларының елдікті сақтап қалудағы
ерлігі Үмбетей мен Тәтіқара толғауларында жақсы баяндалған. Үмбетей жыраудың
«Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауында былай делінген: Қара
керек Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сары, Баян мен Сағынбай қырмап па еді
жауыңды, қуантпап па еді қауымды, ұмыттың ба соны Абылай?! Бұл толғаудан батыр
Баянның Абылай ханның тірегінің бірі екенін байқаймыз. Оның ел қорғаған басқа
да батырлармен, қазақ халқының туын жықпаған, талай шайқастарда ерлік көрсеткен
хас батырының бірі болғанына көзіміз жетеді.