Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында, жаңа дамыған, өркендеген болашаққа жетелейтін маңызды құжат – «Қазақстан-2050» стратегиясы ұсынылды. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыстық жағдайы, рухани байлығы тек осындай үлкен жоспарларды құрып, соған деген талпыныстың нәтижесінен ғана бола алады. Елбасымыздың кемеңгер саясаты мен халықтың ауызбіршілігінің, нақты қойылған мақсаттар мен міндеттердің арқасында «Қазақстан-2030» стратегиясын он бес жылдың ішінде жүзеге асырдық. Бұл стратегияның жүзеге асуына Қазақстанның әр азаматының өзіндік үлесі зор. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, біздің еліміз жиырма жылда керемет табыстарға жетті.
«Қазақ әлсіресе – алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірлікпен күшейген» деп, ащы болса да, шындықты айтқан Елбасы, барлығымызды бірлікке, достыққа, ынтымаққа шақырады. Егер бізді әлсірететін сыртқы және ішкі факторларға берілетін болсақ, қанша төккен маңдай теріміз зая кетеді. Ел болып бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара алатын болсақ қана, қандай да болмасын факторлар бізге әсерін тигізе алмайтыны айдан анық. Күнделікті болып жатқан сырт елдердегі оқиғаларды мысал етуге болады, қантөгіс, тұрақсыздық салдарынан қаншама елдердің құрдымға кетіп бара жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан, барлығымыз бір жіптен ұстайтын болсақ, әлі талай белестерді, шыңдарды бағындырармыз.
«Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 2030 жылға қарай екі есе өсуі тиіс. Ал, 2050 жылға қарай бұл сектор басымдықты болады» деп атап өтті өз Жолдауында Мемлекет басшысы. Расында да, ел экономикасының тұрақтануының бірден-бір себебі – шағын және орта бизнестің дамуы. Әрбір дамыған елді қарасақ, ел экономикасын ұстап тұрған шағын және орта бизнес болып табылады. Қазіргі уақытта бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетіліп жатыр, бізге тек қорықпай алға ұмтылу керек, сонда ғана жетістікке жетеміз.
Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт. Бұл туралы Н.Назарбаев жиі айтады. Бүгінде қазақтардың бауырмал, қонақжай халық екенін барлық ел мо-йындап отыр. Біз осы қасиеттерімізден айырылып қалмауымыз керек. Көп ұлтты мемлекет бола тұра, бірлігіміз жарасқан елміз. Барлық ұлттармен тату-тәтті өмір сүрсек қана басқа елдерден тұғырымыз биік болады, достық қарым-қатынасымыз одан әрі жақсаратыны анық.