Киім кию адамның сыртқы дүниесіне ғана байланысты мәселе емес екені ертеден мәлім. Адамның киген киімі оның ішкі дүниесінен хабар беріп тұратыны анық. Есі түзу адамның тойға киетінін қойға, қойға киетінін тойға кимейтіні де бесенеден белгілі. «Адам көркі шүберек», «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген мақалдар да біраз жайдан хабар бергендей. Дүниеде әр халық пен қауымды басқа халықтардан ерекшелеп тұратын нәрселері тілі мен дінін айтпағанда: салт-дәстүрі, ішер асы мен киер киімдері сияқты нәрселер. Осыған байланысты пайғабарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Кім бір қауымға ұқсаса (еліктесе) ол – солардан» дейді. Яғни, осы дүниеде кім бір қауымға еліктесе, Қияметте ол солармен бірге тіріліп, солармен бірге болады. Бірақ жастарымыз, жастар ғана емес кейбір жасамыстарымыз да жаһанданудың «жемін» жеп, қағынан жерініп, ұлтсыздануға ұрынып, америкалануға аңсары ауып, батыстануға бүйректері бұрылып жүр. Жаһанданудың жеткізген тағы бір «жетістігі» - жастарды жалаңаштануға жетелеп желіктіріп жүр. Сондықтан америкаланған, жаһанданған жастар мейлінше ойын да, бойын да ашық көрсетуді ерлік санайтын сияқты. Осының кесірінен жылдан жылға жалаңаштанудың жаңа үлгілері «жетіле» түсуде. Қыздарымыз кіндігін ашып қана қоймай, кіндігіне жылтыратып сырға тағып қоятын болды, жеңіл жүрісті жезөкшелер ғана киетін киімдер әр үйдегі қыз-келіншектердің күнделікті көшеге киетін киіміне айналып, үйреншікті болып бара жатқаны үркітеді.