Ғылым таппай мақтанба...» - Абай атамыздың жазылған өлеңі. Абай өз заманындағы жас ұрпаққа, «көкірегі сезімді, кеңілі ойлы» адамдарға үміт артып, олардың жүрегін оятып, оларды өзінің озат мақсат-мұраттарына тартуға ұмтылды. Жастардың өнімді еңбек етіп, ғылым мен білімге ұмтылуы, алға қойған мақсатқа жетуде табандылық көрсетуі, міне, осындай асыл қасиеттерді уағыздау Ұлы Абай атамыз бүкіл шығармашылық жолының негізгі идеялық-тақырыптық үзілмес желісінің біріне айналды. Ақын талантты, өнер іздеген жандар туралы айрықша зор сүйіспеншілікпен айта отырып, олардың алға қойған зор мақсатқа жету жолындағы күресте табандылық, жігерлілік көрсететініне үлкен сенім білдіреді. Абайдың бүл өлеңінен ғылымды үйренетін жастар өзінің алдына қандай мақсат қоюға тиісті екені туралы мәселе оны аса қатты толғандырғанын көреміз. Мұнда ақын еңбексіз, ықылас-ынтасыз, мехнатсыз нағыз ғылым-білім қолға түспейді дей келіп, одан ары бірден негізгі ой желісін үздіксіз өрбітіп, оқудағы мақсат не, алған білімді не қажетке жұмсау керек, не істеу, қандай қызмет атқарған жөн болады деген мәселелер төңірегінде сез қозғайды. Ал мына өлеңдегі:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба...» -дегендегі орын тап деп отырғаны - алған білімді, үйренген ғылымды жұмсайтын орын. Бұдан Абай:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол...» -деп адамдық, адамгершілік жайын қозғайды. Алайда ойының негізгі желісін үзбейді. Бұл тұста ерекше бір көңіл бөлерлік жай - Абай ғалым болу мен адам болу мәселесін бір-бірімен сабақтастыра айтады, бүл екеуінің тамыры, түбі бір деп санайды. Ғалым болудың басты шарты - не нәрсені болсын ақыл таразысына салып өлшеу, ақыл сенген нәрсеге ғана сену және көзің анық жеткен шындықты тура айтудан тайынбау екендігін нақтылап, мейлінше дәлелді етіп, шегелеп айтады. Осы өлеңдегі Абайдың надандықпен айтылған сөзге ерме дей отырып, «ақсақал айтты, бай айтты...», егер қисық көрінсе кімнің сөзі болса да, тіпті жақын адам айтса да, ақылмен жеңуді үлгі етуі әсіресе, сол өткен ғасырдағы қазақ өмірінің жағдайында бірден-бір батыл айтылған пікір болғаны анық. Үлкен адамға, лауазымы жоғары адамға қарсы келіп, өз ойын көлденең тарту сыпайыгершілікке келмейді дегенді желеу қылып, шындықты тура айтуды қалайда шектеу, қолдамау ол заман ғана емес, бүгінгі заманда да аз кездеспейтінін ескерсек, Абайдың осы пікірінің мәні зор дейміз. Ендеше:
«Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі - пұл...» - дегенді көпке топырақ шашқандық емес пе деп көлгірсімей, ашық айтылған, жастарды артық сенгіштіктен сақтандыратын ащы өмір шындығы деп бағалауымыз орынды.
«Сөзіне қарап кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма...» -
деген нақыл түрінде келетін түйін жоғарғы пікірлерге орайлас, жалғас. Сырттай қарағанда мұның өзі бір түрлі, тосын естілуі мүмкін, өйткені кісіні сөзіне қарай бағалама, ісіне қарай бағала дейтін үйреншікті пікірге қарама-қарсы келетін секілді. Ал, байыппен қарасақ, мұнда терең мағына жатыр. Кісіні сөзіне қарай, яғни, ақылына, ойына қарай бағала, кісіге қарап, оның мансабына, дәулетіне қарап ақылға сыймайтын, қисынға келмейтін сөзіне иланып алданып қалма, «надандықпен кім айтса, ондай түпсіз сөзге ерме...» деген даналық пікірді аңғартады. Абай надандыққа, қандай да болсын теріс, кертартпа ықпалға қарсы тура алатын оқыған, біліммен қаруланған адамды құрметтеу керек деп санайды. Ең алдымен білімді, ғалым адам мақтан тұтуға лайықты. Ақылды, парасатты адамның идеал бейнесін ұсына отырып, Абай оған жақсылықты жамандықтан ажырата білмейтін, ағыммен ілесіп жүре беруге бейімделген надан, қараңғы адамды қарсы қойды. Топас, кертартпа адамның осы жағымсыз типі ақынның шығармашылық жолына өте тән және ағарту ісін, өнер-білімді жақтаушы Абайдың алдыңғы қатарлы көзқарасын білдіреді.