Адам өмірінде ауадай қажетті тұщы судың көлемі құрлықтар мен өлкелерде бірдей орналаспаған. Құбылмалы ауа райының әсерінен айналымда жүрген табиғи су көздерімен, өзенмен ағып келетін судың көлемі жылдар мен маусым мезгілдерінде өзгеріп тұрады. Егерде атмосфреадағы ауаның ылғалдылығын өзінің буымен толықтырып тұратын айдын суы мен топыраққа нәр беріп тұратын судың көлемі қоршаған ортаның қажеттілігінен күрт азайса, ол өлке құлазыған қу мекенге айналады, ол кезде қоршаған ортадағы өсімдік әлемі, жан-жануарлар дүниесі мен адамзат өзінің биологиялық өсу дәуіріне сәйкес қажетті мөлшерде тұрақты судан нәр ала алмай, тіршілік жаратылғалы бері сақталып келген тіршіліктің теп-теңдік заңдылығы бұзылып, өмір өсу дәуірінен өшу дәуіріне тап болады.
Балалық дәуірде "Табиғаттағының бәрі таза" деп жаңбыр жауса жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп, жаңбырдың суына бас жуатын заман да артта қалған. Қазіргі кезде керісінше - жаңбырдан қорғану керек, өйткені, жаңбырдың суы өзен, көлдердің бетінен, ылғал топырақтан көтерілген бу ғой. Ал осы будан түзілген бұлтта тонналаған сумен бірге алуан түрлі химиялық элементтер, олардың зиянды тұздары, шаң болады.