Ата қоныс ел мекендейтін орын. Уақыт пен кеңістіктегі қоныс ұғымы көшпелі жұрттың өсіп-өркендеуіне қолайлы жер-сумен, жайылымдармен, шұрайлы елді мекендермен үндестік тауып, шаруашылық-мәдени өмірдің даму үрдістерін айқындады. Ғасырлар бойы көшпелілерді қоршаған орта киелі таулардан, өзендер мен көлдерден, аңғарлардан, көне зираттардан құралып, ата жұртын белгіледі.Атадан балаға мұраға қалған жерлермен халықтың бүкіл тыныс-тіршілігі, өмір сүру қарекеті байланысты болды. Дәстүрлі көшпелі тұрмыс тіршілігі, төрт түлік мал, жер-ана, табиғат халықтың “құтты қоныс” ұғымын айқындап, материалдық-рухани игілігін, дүниетанымы мен төл мәдениетін қалыптастырды.