Түркілер, Түркі халықтары — б.з V-XIII ғасырлары аралығында өмір сүрген. Олардың алғашқы мекені Алтай аймағы болған. Көне түркілердің Еуразия тарихынан алар орнын академик А.П.Окладников былай деп түйіндейді: “Сібірдегі көне түркілер Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланыста болды. Оның мәдениеті бұрын ойлағаннан да әлдеқайда бай әрі жарқын еді. Ертедегі Шығыс пен Батыстың мәдениеттері Байкалдың жағасы, Ангара мен Ленада сол кездегі өзіндік төл мәдениеттің орталығы бірде қосылып, бірде ажырасып тұрды. Оны білмей тұрып Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес. Археологиялық қазбалардан көргеніміздей Байкал өңіріндегі түркі қорғандарындағы қазба байлықтардың жолы Дон мен Дунайға дейін жетіп жатты”126. Яғни көне түркілердің жері мен оның шегарасы біздің дәуірге дейін анықталып болған. Түркілер өздерін Алтайдан шықтық дейді. Ол туралы көптеген аңыздар да бар. Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқаридың “Түркі тілдерінің лұғатында” былай деген: “Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!” Сондықтан түркілерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, “Өз қосыным” деп атаған. Оған қоса, “түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік, мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар” деген. Түркілердің тарихына зер салар болсақ, оның бізге белгілі соңғы үш мыңжылдығының әр кезінде Қытайды, Үндістанды, Таяу Шығыста Египетке дейін және Еуропаны басып алған елдерде жүргізген саясаты жаңа айтып кеткен Махмуд Қашқари анықтамасының дәлелі. Себебі, түркілер жаулап алған жерлерінде қоғамдық қатынастарды өзгертіп, жаңа прогрессивтік формация қалыптастыруға септігін тигізді. Сонымен қатар шет жерліктерді мойындай бермейтін еуропалықтардың Цезарь мен Македонскийді емес, ғұн патшасы Аттиланы “Құдайдың қамшысы” деп атауы, оларға ренжіген Тәңір жіберген түркілердің қосыны деп қарау керек. Белгілі жазушы Е.Зарубин де өзінің Атиллаға арнаған романында осындай қорытындыға келеді. Түркілердің тағы бір ерекшелігі – олар ағылшындар мен голландтықтар және испан конкистадорлары сияқты өздері жаулап алған жердегі халықтарды жаппай қырып-жойып, геноцид жасаған жоқ. Себебі, түркілер алдымен үлкенді сыйлап, аруаққа тағзым еткен және зұлымдық дегенді білмейтін табиғат діні Тәңірге30 табынса, соңынан адамды ұлты мен нәсіліне бөлмей, барлығын ағайын деп қарайтын мұсылман дінін ұстанды.