Алакөл – тұзды ағынсыз көл. Ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шегарасында орналасқан. Көлдің оңтүстік-шығыс жағында Жоңғар қақпасы орналасқан. Батыс жағында Көктума ауылы бар, ол қазақ-қытай шегарасынан 80 шақырым жерде жатыр. Шығысында – Қабанбай ауылы. Бұл ауыл дамыған туристік инфрақұрылымымен ерекше, Қабанбайдың шығысында 15 шақырым жерде Барлық-Арасан курорты орын тепкен.
Алакөл - емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген.
Шипалы су Ыстықкөлдің суынан да жылы. Кезінде жорықтан қайтып келе жатқан Шыңғыс хан жараланып, қансыраған әскерін осы Алакөлдің суына айлап жатып, шомылдарып емдеген деген аңыз бар.
Бір замандарда Жібек жолының керуендері де көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан науқас меңдеген адамдардың денсаулығын құр аттай қылып, емдеп жіберетіндігі ерте кезден байқалған. Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын.
Алакөлді бірқазан, аққу, көкқұтан, тырна, шағала сынды 60 түрлі құс мекендейді. Алакөлдің суы тұзды. Сондықтан судағы минералдар тыныс алу мүшелері мен сүйек-бұлшықет және жүйке жүйесі аурулары мен тері ауруларынан айықтыратын таптырмас қасиетке ие.
Алакөлде курортты демалыс орындарының орналасу себебі – суының минералдарға бай болуында, оның құрамында Менделеев кестесінің элементтерінің көбі кездеседі, құрамы жағынан Қара және Өлі теңіздерге ұқсайды. Сондықтан бұл аймақта демалушылар емдік туризммен шұғылданады.
Көл жағалаулары тек емдік саяхаттар үшін ғана емес, тыныштықты қалайтын туристерге де көп ұсыныс жасайды. Бұл ретте Алакөл аумағындағы балық аулау мен аңшылық өте танымал.
Туризм бұл аймақта соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Қабанбай мен Көктума ауылдары да демалыс аймағы саналып, туристік қызметтер ұсынып келеді. Ол өзінің демалушыарын әрқашан күтеді!