Байлық пен ақыл.
Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап
алып:-Мен қартайдым. Біреуіңнің үй
иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол
мұрагерім болады. Әрқайсың маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер, -депті. Сонда үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп:
-Міне, менің байлығым. Ал кім
бай болса, сол ақылды, -депті.
Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де:
-Міне осы түрімді көргендер
ақылым мен байлығымның алдында бас иеді, -депті.
Үшінші ұлы күміспен және тастармен әшекейлеген белдігін
буынады да:
-Мұндай белдікті ешкім ешқашан
буынып көрген жоқ,-дейді.
Әкесі үлкен балаларына қарап басын шайқайды да, кіші ұлына:
-Сен неге үндемейсің? Сен
қандай байлығыңмен мақтанасың? –дейді. Сонда кенжесі:
-Менің асыл тасты жүзігім де,
сәнді киімім де, қымбат тастармен әшекейленген белдігім де жоқ. Тек еңбек
сүйгіш екі қолым, қайрат, жігерге толы жүрегім ғана бар, -депті.
Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері етіп
кіші ұлын белгілепті. Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет
етіпті.