Бәйтерек – Астанадағы архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі.
Техникалық сипаттамасыӨңдеу
Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл «терек» сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей: биіктігі 105 метрлік металл құрамасынан, салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі 97 м (Астана қаласының елорда статусына ие болған жылға байланысты таңдалған), диаметрі 27 м; негізгі есікке бастайтын әшекейлі темірбетон саты жер бетінен 4,8 м жоғары орналасқан. Әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа (әлемдегі ең үлкен шардың ең биіке көтерілуі бойынша) ие болды. «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 т, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 м². Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіре берісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 т металл құралыммен байланысып, жалғасқан. «Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып, асықпай отырып төңірегін көруге мүмкіндік беретін дәмханасы да бар. Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» – қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол елорданың халық көп баратын жерінің бірі.