Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы - қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты.
Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949), «Абай жолының» тұтас төрт томына Лениндік сыйлық (1959) берілді.
«Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Сөйтіп, 19 ғасырдың 40-50-жылдарын М. О. Әуезов туған әдебиетіміздің даму тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Мұның өзі заңды да, өйткені «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес».[1] «Бұл да аз,- деді француз жазушысы Луи Арагон,- әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі». Ең талғампаз суреткерлердің аузымен айтылған осындай орасан биік бағаға «Абай жолы» қандай қасиеттері мен жетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін эпопеяға тән негізгі ерекшеліктерді ескермей болмайды. Алдымен, тақырып туралы. Кешегі, яки тарихи тақырып: бүгінгі, яки қазіргі күн тақырыбы деп жүрміз. Бір тұста осылар жөнінде айтыс ашып, дауласып та көрдік. Бәрі шартты нәрсе! (Кеше, бүгін, ертең... Уақыт жалғастығында жік жоқ: таң атса, ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ). Сондай-ақ бүгінгі қазақ кім? Мұны тану үшін кешегі қазақты білу шарт. Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды.Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді - өз отандастарына, керек десеңіз тіпті - қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын - оның өткен өмірін -тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да, «Абай жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалған». Сондықтан да бүгінде Л. Н. Толстойды оқымай орысты, О. Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын.
Вотт