«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» Қазақ жеріне
тәуелсіздік таңының оңайшылықпен атпағаны бәрімізге белгілі.
Біздің ата-бабаларымыз, кеудесінде намыс оты жалындаған батыр
ағаларымыздың ерен еңбегімен, маңдай терілерімен, ақ білектің күші,
ақ найзаның ұшымен келген – Ұлы Тәуелсіздік деп түсінемін.
Тәуелсіздік таңының
елең-алаңында, яғни 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды.
1995 жылы қабылданған Ата Заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы
мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылып,
конституциялық шешім жасалды. Мемлекеттік тіліміздің етек жайып кеңеюіне
елімізде барша азаматтардың еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық
ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасалатындығы айтылған
болатын. Алайда, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі әлі іс жүзінде
өзінің осы шынайы мәртебесіне толық жете алмай келеді. Әрине, бұл біздің
еліміз үшін қасірет деуге болады. Осы қасіретті жою үшін ең бастысы – ұлттық
тіл, ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне
байланысты екендігін ескермеуге де болмайды.
Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,-деп айтқандай, бұл
тұжырым мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің ертеңгі келешегін
айқындаумен қатар оның әлі қоғамдық өміріміздің барлық саласында күнделікті
қолданыс құралы бола алмай отырған бүгінгі жағдайын да көрсететіндей. Себебі
мемлекеттік тілдің тағдыры ұлттың оң болмысының оянуын қажет етеді. Шындығына
келсек, істің тетігі, яғни қазақ тілінің тағдыры қазақтың өз қолында.
Менің ойымша, тілді түсінген әрбір
азамат, Отанының қасиетін сезініп, Отан алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып,
Отан үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баратын патриот жастардың
тәрбиеленетіні анық. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап,
мемлекетіміздің іргесін қатайтпақ.. Бұл сөздің мәнін Ахмет Байтұрсыновтың
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл»
деген қасиетті сөзі дәлел.
Тілге, дінге зорлық жүрмейді. Бұлар
адамның таңдауы, жүректің қалауымен орнығатын нәрсе. Қазіргі өзін ғана
ойлаған заманда тілді шетке ысырып қойып, қарнымыздың тоқ болуын ойласақ, онда
бұл біздің әлі күнге толыққанды ұлт болып қалыптаспағандығымыздың күйін
көрсетеді. Қазақ ұлтының сапасына азамат ретінде емес, ұлттық
құндылықтарды ұстанып жүрген қазақ азаматы ретінде көңіл бөлуіміз қажет. Бұл
мақсаттың іске асуына жұмыла жұдырық болып кірісіп, тілді тығырықтан
шығарып, оның ғұмырын ұзартып, тынысын кеңейтуге азғантай болса да өз
үлесімізді қосу біздің парызымыз деп түсіну керекпіз!!!
Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны.
Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз! Тіл ең бірінші отбасынан бастау
алады, Отан аясында дамиды. Отбасы өзіміз болсақ, Отанымыз –
Қазақстан!!! Ендеше, тілімізді ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей
қадірлейік!!!