Бүгінде қазақ пен башқұрттың басты ет тағамы «бешбармак» аталып жүр. Мұны біреулер орыстарға дұрыс аудармаған татар тілмаштарынан көрсе, біреулер шала қазақ аудармашылардан көреді. Шын мәнінде, оның себебі, осы бір ұлы тағамымыздың қазақы атауы қалыптаспағанында болып отыр. Сосын қолмен асап жеуді ғана негізге алып, тілді білмейтін әлдекім «бешбармак» дей салса керек.Ал, қазақта «бешбармак» ұғымы да, «бес бармақ» тіркесі де жоқ. «Бес саусақ» пен «бас бармақ» ұғымдары ғана бар, бірақ олардың қазақы ет тағамына қатысы мүлдем жоқ.
Осы тұрғыдан намыстанып, тілді қорғауды Астана қалалық Тіл басқармасын басқарған белгілі айтыскер, ақын Қонысбай ӘБІЛ ағамыздың әлдекімдермен соттасқаны еміс-еміс есімде. Алайда, ол әрекеттен ештеңе өнбеді. Себеп, тағы да әлемдік қазақы тағамдық брендке айналған асымыздың атауының тілімізде болмағаны! Қайтеміз, ондай-ондай бола береді. Тіпті, кейбір ұлттардың атауын да өзге жұрттар қалыптастыратыны бар. Бірақ, мына жағдаймен келісе қоюға болмас!!! Намыстың аты — НАМЫС және ол ҰЛТТЫҚ деңгейде! «Қазақта бас тағамның да атауы жоқ» деген масқара емес пе? Бұл масқарамен бітімге келуге болмайды!
Біршама талпыныстар да болған секілді, бірақ ештеңе шықпай жүр.Осы жолы біз де талпынып, тақырыпты сілкіп көрейік. Қасаңдыққа жаны жақын ағайындардың қай ұсынысты да жолатпай, «мөңкуі» мүмкін, бірақ бізге ұлттық намысқа басқаннан амал жоқ...
Қазақтар «бешбармакты» «ет» деп келген, енді әлгіні қазақшалап «бесбармақ» деген масқараға да қалып жүр, амал не?! Десек те, бұл тағамға байланысты асты қолмен жеу ғана тән емес, Ортаңғы Азия жұрттарының барлығы дерлік қою тамақты қолмен қылғытады: палау, манты т.т. Ендеше, қазақы ет жеуге қолдың да, саусақтың да қатысы аздау. Басты сипат: етті асап жеу – алақанға іріктелген ет пен жайманан, басқа да дәмдеуіштер араласқан күйінде алақандағы ас бас бармақтың көмегімен ауызға итеріліп, асап желінеді; сонымен бірге ақсақалдар мен қадырлы адамдар тарапынан «Асату» рәсімі жасалады. Міне, астың аты өзінің сипатынан-ақ шығып тұр: АСАМАҚ! Адам кез келген арнайы техникалық түрде асты қолмен асамайды, ал ол қазақы сүйікті де жеңсік ас, ет тағамы – «асамақ»! Бірақ мұның «асамық» деген де нұсқасы болуы мүмкін, себебі, ботқаның бала мен қарияға арнайы пісірлетін қоймалжың түрі қазақша «быламық» аталады, мұндағы «мық», «мік» сөз жасаушы тұлғалар.
Десек те, алғашқы нұсқасы айтуға ыңғайлы, құлаққа жағымды, мағынасы асты толық сипаттап тұр: «асамақ»! Оның ертеңгі күні алуан тілге тарататын орыс тіліндегі трансрипциясын бекітіп алған жөн: «асамах» («асамак» емес)!
Енді еніп кеткен «бешбармактан» қалай құтыламыз? Оп-оңай! Әуелі «бешбармактың» қасына жақшалатып (асамақ) ретінде жазамыз да, жартылай таралған кезде, «асамақты» алға шығарып, жақша ішіне «бешбармакты» жасырамыз. Сосын барлық мейрамханалар мен тойхана, дәмханаларға солай жазуды сіңіреміз. Болды! Сізше қалай, болмады ма? Онда өзіңіз жалғаңыз.
Айтпақшы, қазақта ауызға құр саусақ салғанды жаман ырымға балайды, ол ішер астың жоқтығын білдіретін ежелгі ырым болса керек. Ауызына саусақ салған балаға қазақтың жекіруі содан қалған! Әлгі «бешбармак» дегенің соны меңзеп тұрған жаман ырым демеске лаж жоқ… «аш бармақ» деп тұрғандай...