Алакөл — Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі.
Сонымен қатар аумағы 20 мың гектардан асатын бұл өлкеге денсаулығын түзеткісі келетіндерден басқа, теңдесі жоқ көлде шомылу мен балық аулағанды ұнататындар келеді.
Орта ғасырларда "Гургенор", кейін "Алактогол", "Алатеңіз", "Алакта" деп те аталған. Алакөл — Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі. Ол Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Көл ағынсыз, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 км, ең шығыңқы ені 52 км, жағалауларының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 км3. Су жиналатын алабы 47859 км2. Алакөлдің ең ірі шығанағы — Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан.
Алакөлге 15-тен аса өзен құяды
Олардың негізгілері:
Үржар (Ұрыжар);Қатынсу;Емелқұйса;Жаманөткел;Ырғайлы;Жаманты өзені.
Алакөл жағалауы, негізінен төрттік дәуірдің түрлі тау жыныстарынан (саз балшық, құмды топырақ, қиыршық тас, ұсақ құм) тұрады. Көл суының қатуы әрқалай. Тайыз бөлігі қараша айының аяғында, орта тұсы ақпанның басында тегіс қатады. Мұзқұрсау 2 айға дейін созылады. Алакөл суында фтор мен бром көп. Көл жағасында қамыс, қияқ, қоға, шалаң, су қарақұмығы, жебежапыақ, мүйізжапырақ, тағы басқа өседі.
Жалпы, Алакөл - емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы меицинада дәлелденген. Бір замандарда Жібек жолының керуендері де көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан науқас меңдеген адамдардың денсаулығын құр аттай қылып, емдеп жіберетіндігі ерте кезден байқалған. Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын. Көл жағасы құстар мен өсімдік дүниесіне бай. Алакөл фитопланктоны құрамында балдырдың 58 түрі, зоопланктонның 80 түрі бар. Балыққа бай (алабұға, шармай, көксерке, көкбас, сазан т.б.). Аққу, қаз, үйрек, балықшы, бірқазан т.б. құстар, қамыс арасында теңбіл мысық, өзен сағаларында ондатр кездеседі. Жағалауы – шабындық және жайылым. Алакөл – ағынсыз тұзды көл. ХІІ және ХІХ ғасырлар арасында оның бірнеше атауы болған: Түрге - Нұр ( моңғол тілінен аударғанда «көпір-көл»), Алақтакөл, Алатеңіз, Алақта. Жоңғар қақпасының аузында, Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында тербеліп жатқан Алакөл суының емдік қасиеті туралы көпшілік біле бермейді.