Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды,
Мама кеп бір иіскеші маңдайымды,
Ақуызға толмаған таңдайымды,
Толтырайын айтумен жағдайымды,
Мама енді сені табу қиындады,
Ойласам көзден жасым тиылмады,
Алатауым, жұпарым арман болып,
Туған жерің топырағың бұйырмады, — деген өлең жолдарын оқи отырып, жетімдіктің қасіреті мен қайғысын сезінесің. Өзінің кім екенін, әке-шешесінің әсіресе, жеті атасын білмей өмір сүру қандай қиын? Қазақ ертеден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты терең бойына сіңірген өскен халық. Алайда соңғы уақытта іштен шыққан баласын далаға тастап, ана атанып жүргендер қаншама? Дана халқымыз сан ғасырдан бері «Адамның бақыты — балада» деп, баласының ер жетіп азамат болуына бар өмірін арнап, жиған — тергенін балаларының жолына, қолына берген. Кез-келген адам баға жетпес бақытты ұрпағының жалғасып, өсіп-өнуін тілейтіні белгілі. Ал, қазірігі таңда кейбір жандар өз бақытын байлықтан, мансап пен қызметтен іздейтін сияқты. Соның есебінен елімізде жәутеңдеп қара көздердің саны едәуір артып, жетімдер үйі көбеюде. Кейде таң қаласың, кейбір жандар балаға зар болып, күні-түні үмітін үзбей, Алладан жалбарынып тілейді. Енді біреулер Алланың берген сәбиін көрінгеннің қолына тастайды. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларынан бас тартады. Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен? Осындай қатыгездіктің салдарынан бейкүнә нәресте, дүние есігін ашпай жатып, өмір сынымен арпалысып, тағдыр тауқыметін арқалаған бұл балалардың қандай жазығы бар? Балаша қуанып, уайым-қайғысыз күн кешудің орнына, көзін тырналап ашқаннан-ақ асыр салып ойнаудың орнына, терезеге телміріп «менің әке-шешем қайда?» деп уайым жейтіндей кімге не жазып еді сәбилер?! Жанарларын жәутеңдетіп, кім маған жылы сөйлер екен деп әркімге жалпақтатып, тірідей тастап кеткен ата-аналарын іздеумен әуре! Өмірдің осындай аяусыз тұстарын көргенде, пенделерге мейірімділік пен қайырымдылықты бойларына сіңіре гөр деп еріксіз дұға етесің.
Бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Оның мейірлене айтқан «Айналайын, құлыным, ботам, балапаным» деген жылы сөзі жаныңды ерекше сезімге бөлеп, бар бақытты сыйлады емеспе?! Ананың ыстық алақанына ештеңе де тең келмейді. Ал осы аялы алақанды сезбей, ананың ақ сүтін ембеген баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз.