Бәйшешек, Запырангүл (лат. Crocus) – құртқашаштар тұқымдасына жататын көп жылдық тамыр түйнекті өсімдіктер. Еуразияда,Жерорта теңізінің жағалауларында өсетін 80-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда Іле, Жетісу (Жоңғар), Теріскей Алатауларында,Ұзынқара (Кетпен) жотасында, Қаратауда өседі. Запырангүлдің Алатау бәйшешегі (C. alatavіcus) және Корольков бәйшешегі (C. korolkovіі) деген түрлері бар. Биіктігі 10 – 30 см-дей. Тамыр түйнектері ұзынша немесе шар тәрізді домалақ болады. Шоғырланып біткен таспа жапырақтарының саны 6 – 9, ұзындығы 10 – 12 см. Сары немесе көкшіл түсті дара гүлінің гүл қоршауы қарапайым күлте жапырақшалардан тұрады. Гүл қоршауының ортасынан ұзындығы 10 см-дей түтік шығады да, гүлі сол түтіктің ұшында жетіледі.Аталығы үшеу, аталық жіптері қысқа болады. Аналығы біреу, ол 3 жеміс жапырағынан тұрады. Жемісі – үш ұялы, көп тұқымды қауашақ. Наурыз – мамыр айларында гүлдейді. Гүлдері түнге қарай және бұлтты күндері жабылып қалады. Оларды аралар немесекөбелектер тозаңдандырады. Запырангүлдер негізінен сәндік өсімдіктер[1].