Тағы бір жылдың төбесі көрінісімен әдеттегіше әлемнің түкпір-түкпіріндегі көріпкелдер мен сәуегейлер биылғы жылға болжам жасап, жұлдызшылар мен жауырыншылар жамбастай жатып, жорамал айтуға көшті. Олардың арасында бұрын айтқандары айдай келген аузы дуалылары да, сандырақтап сәуегейсігендері де бар. Дегенмен әлем құлақ түріп отырған олардың болжамдарына біз де көз шолып көрелік.
Бақсақ, бүкіл әлемнің, әсіресе бір болжам туралы үрейлері үдеген. Күдіктері де басым екен. Ол әйгілі «2012» деген фильмді көрген күннен кейін күрт өсті деуге болар, яғни Майя тайпасының заманақырды болжауы дүйім жұртты дүрліктіріп кетті. Алайда көптеген елдің ең айтулы астрологтары да, көріпкелдері де бүгінде оны жоққа шығаруда. Бірақ олардың дені планеталардын жолы – орбиталарда бір өзгерістің болатынын айтады. Соның салдарынан әлемдік климатта күрт өзгерістер байқалуы мүмкін. Кезінде бұл жайында әлемді аузына қаратқан Ванга әжей де айтқан екен. Ванганың болжамына үңілсек, 2012 жыл адамзат үшін сын сағаттардан тұрады. «Дәуір алмасады. Алмағайып заман болады. Сынақтан сүрінбей өтсек, жер бетіндегі өркениет әрі қарай жалғасады», – депті ол. Иә, Ванга әжей нені меңзегенін білмейміз, бірақ үміт үздірмей, керісінше, жігерлі болуға үндепті.
Ал Шығыс астрологтары әлем сәт санап дамуда екенін және бұл үрдіс жалғасатынын айтады. Әсіресе нанотехнологияда жаңа жаңалықтар пайда болып, адамзат игілігіне ұсынылады-мыс. Лайым солай болсын!
Экстрасенс Сергей Смирнов болса, «бұл жылы құс тұмауының жаңа түрі пайда болып, елді эпидемия жайлайды. Соның салдарынан Лондонда Олимпиада өткізілмейді» деп соғыпты. Ал спортсүйер қауым мен Олимпиадаға жолдама алып, сайысқа сақадай сай отырған спортшылар оны «сандырақ» десті. Өйткені бұған дейін де әлемде «құс тұмауы», «шошқа тұмауы» деген аурулардың жайылғаны анық, алайда оған бола маңызды әлемдік оқиғалар мен айтулы аламандар өтпей қалған жоқ.
Ал әлемдік саясат жайында сәуегейлік жасағандардың көбі «қарадан шығып хан болған» АҚШ Президенті Барак Обама жайында жорамал айтыпты. Олардың сөзіне сенсек, Барак осы жылы Ақ үймен қоштасады-мыс.
Сонымен қатар әлемдік футурологтардың болжамынша, Сомалиде жаңа мұсылман мемлекеті пайда болады. Ал Израиль Иранның ядролық нысандарына қарсы шабуылын тияды. Есесіне, Тегеран әлемдік нарыққа мұнай мен газ шығарып отырған Ормуз бұғазына қара құлып «салмақ». Осы себепті мұнайдың бағасы аспандап кетеді-міс.
Айтпақшы, әлемдік ақпараттық кеңістікке де айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін деседі. Оған себеп Күн жарығының қуаты күшейген сайын оған әлемді ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған электронды құрылғылар шыдас бермеуі мүмкін. Жыл санап планетамыздың жылып келе жатқанын айтып дабыл қағатын ғалымдар оны да жоққа шығармауда. Олар биыл «Күн штормы» болатынын, яғни күн қызуы максималды көрсеткішке жететінін айтуда.
Әлемдік қаржыға қатысты да көріпкелдер қарап қалмады. Циклзерттеу қорының директоры Ричард Могги қор нарығының құлдырайтынын айтады. Ал астролог Павел Глоба: «Экономикалық дағдарыс 2012 жылы өз ұшар шыңына жетеді. Ол алдымен АҚШ-та басталып, ақыр соңы Еуропада аяқталады, осы себепті жинаған қорларыңыз бен капиталдарыңызға мұқият болып, тақырға отырып қалудан сақтаныңыздар» – деп кеңес береді.
Ал «Мексиканың ұлы диуанасы» атанған Антонио Васкес Альба Сирияда төңкеріс болатынын болжапты.
Міне, әркім әлінше болжам жасауда. Ал біздің қазақ әу бастан «жақсы сөз – жарым ырыс» деп нені болсын жақсыға жоруға тырысады. Өйткені қазақы ұғымда «Жаратқанмен жарыса жорамал айтқан жараспас» болар. Соданда шығар, «Ұлу жылы ырысты жыл болады» деп күтілуде. Қоян жылының басы да қатты болып, елдің кей бөлігін су алса, соңы тәтті болып, егін бітік шықты емес пе?! Сондықтан құмалақ пен жауырыннан емес, Құдайдан медет сұрап, ниеттің түзулігін тілейік. Өйткені қазақ «ниетіне қарай – несібесі» деуші еді ғой.