Оқулық – оқу бағдарламасы мен дидактиканың талаптарына, оқыту мақсатына сай оқу пәнінің мазмұнын ғылыми негізде, жүйелі баяндайтын кітап. Оқулық оқу орындарының типіне қарай (бастауыш, орта, кәсіптік-техникум, жоғары оқу орындары) жасалады.[1] Әр түрлі ұлт мектептері үшін нақты ұлттың ана тілі мен әдебиетінің ерекшеліктерін ескере отырып оқытылатын ағылшын, орыс тілі, т.б. оқулықтар шығарылады. Оқулыққа мынадай педагогикалық талаптар қойылады: оқу материалдарының қазіргі ғылым мен технологияның дәрежесіне сәйкес баяндалуы; жоғары идеялылығы, тәрбиелік міндеттерге сәйкестігі; мазмұнының бағдарлама мазмұнына сәйкес әрі түсінікті болуы; материалдарының оқушылардың жас және танымдық ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы; дәл және анық, нақты қорытындылар, ережелер, заңдар мен анықтамалардың баяндалуы, тілдің жатық, әдеби және ықшам болып, оқушылардың ұғымына сәйкес келуі; оқу материалын меңгеруді жеңілдететіндей иллюстрация, сурет, кесте, диаграмма, сызба мен сызулардың болуы; сыртқы пішінінің (қағаз, шрифт, мұқабасының) ретті сәндендірілуі. Негізгі оқу пәндерінің оқулықтарына қосымша хрестоматия, есеп жинақтары, жазбаша жаттығу кітаптары, анықтама, сөздік, оқу кітаптары, тарихи және географиялық карталар, т.б. қолданылады.