ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ – ұлттық сахналық өнер саласы. Қазақтың кәсіби театр өнерінің қайнар көзі халық шығарм-на (әнші, ақындар айтысы мен шешендік өнерге), ежелден келе жатқан әдет-ғұрып пен тұрмыс-салтқа (беташар, бәдік, жар-жар, жоқтау, қоштасу, қыз кәде, шілдехана), ойын-сауық (алтыбақан, қызойнақ, қынаменде, ортеке, судыр-судыр) пен Алдар Көсе, т.б. секілді күлдіргі қулар өнеріне саяды. Қазақ халқының қоғамдық ортасында туған, қиыннан қисын табар тапқыр, ой-қиялы жүйрік, ділмар адамның жиынтық бейнесі болып, аты аңызға айналған Алдар Көсе, Жиренше шешен, Қожанасыр мен Тазша бала есіміне байланысты күлдіргі әңгімелер ел арасында ертеден белгілі. Ал Айдарбек, Битан-Шитан, Зәрубай, Күндебай, Қантай-Тонтай, Мауқай, Текебай, Торсықбай, т.б. белгілі халық қуларының өнері туралы кезінде Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаев (“Шаншарлар”), Ж.Шанин (“Айдарбек”, “Торсықбай”), т.б. драматургтар пьесалар жазды. Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, т.б. актерлер өз ойындарында халық қуларының бай тәжірибесін мол пайдаланды. Қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы 19 ғ-дың 2-жартысынан басталады. 1859 ж. Оралда, 1869 ж. Орынборда, 1875 ж. Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 ж. Семей қ-нда “Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы” ұйымдастырылды. Алғашқы драм. шығармаларда Г.Д. Гребенщиков “Жақсы жігіт” пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П. Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 ж. “Бекет” атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. 1911 – 12 ж. Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қ-ларында ойын-сауық үйірмелері ұйымдаса бастады. 1913 – 14 ж. Семейде қазақ мұғалімдері мен оқушы-жастар бірлесіп, “шығыс кеші” деген атпен ойын-сауық кештерін ұйымдастырды. Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын-сауықтар қатарында: Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған әдеби, этногр.-муз. кеш (1914), “Біржан мен Сара айтысы” (1915, екеуі де Семейде) және “Қазақша қыз ұзатудың” (1915, Атбасарда) сахнаға лайықталған нұсқасын атауға болады. Осы жылдары ұлттық драматургияның алғашқы туындылары жазылып, баспа бетін көрді әрі оның бірқатары әуесқойлар күшімен сахнада қойылды. Мұғалім Б.Х. Серкебаев (“Бақсы”, “Ғазиза”, т.б.) пен И.Меңдіханов (“Малдыбай”, бәрі де 1912) тұңғыш пьесалар жазды. 1917 ж. маусым айында Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығ. Қазақстан обл., Абай ауд.) М.О. Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті. 1918 – 24 ж. Ақмолада (қазіргі Астанада), Әулиеатада, Көкшетауда, Орынборда, Ташкентте, Түркістанда және Шымкентте көптеген қазақ драм. үйірмелері ұйымдастырылып, Ж.Аймауытовтың, Әуезовтің, М.Дулатовтың, Е.Ерданаевтың, Қ.Кемеңгеровтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Серкебаевтың, Ә.Сұлтановтың, т.б-лардың драм. шығармалары сахнаға шығарылды. 1918 ж. Алматыда, Семейде, Петропавлда, т.б. қ-ларда бірқатар орыс драма театрлары ашылды. “Ес-аймақ” сахнасында сол уақытта жарық көрген Аймауытовтың (“Рәбиға”, “Қанапия-Шәрбану”, “Ел қорғаны”, “Сылаң қыз”), Әуезовтың (“Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Ел ағасы”, “Бәйбіше – тоқал”), Сейфуллиннің (“Қызыл сұңқарлар”), т.б. пьесалары қойылды. Бұл спектакльдердің көпшілігін сахнада қойған Шанин мен Аймауытов болды. 1925 ж. Қызылорда қ-нда тұңғыш кәсіби ұлт театрының (қ. Қазақ драма театры) ұйымдастырылуы Қазақстанның мәдени тарихында мәні зор оқиғаға айналды. Қ. т. өнерінің қалыптасып даму кезеңі спектакльдерде натуралистік, әлеум.-тұрмыстық және фольклорлық-этногр. бояудың қатаң сақталуымен, халық әндерін мол пайдалануымен ерекшеленеді. Мұның өзі бір жағынан театр мен көрермендер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік туғызса, екінші жағынан актерлердің көп салалы өнерді меңгеруіне жол ашты. Осы кезеңде Қ. т. ұлттық пьесаларды ғана қоюмен шектелмей, алғаш рет классик. драматургия туындыларын игеруге талпыныс жасады. 1928 ж. Қазақтың мемл. драма театры республикасының жаңа астанасы Алматыға көшіп келді. Әсіресе осы кезеңдегі Қ. т. өнерінің қалыптасу жолында Әуезов драматургиясы мен Шаниннің реж. қызметінің мәні зор болды. Әуезовтың қуатты қаламынан туған “Қарагөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Абай”, “Айман – Шолпан”, “Түнгі сарын”, т.б. драм. шығармалары театр репертуарын жандандыра түсті. 30-жылдардың бас кезінде Алматыда (1927 – 28), Риддерде (1930 – 33) және Қарағандыда (1932 – 34) жұмысшы-жастар театры құрылды. Бұларды ұйымдастыруға Қ.Бадыров, К.Қармысов, С.Телғараев көп еңбек сіңірді.