Тіліміздің тазалығы туралы әңгіме соңғы уақыттарда назардан тыс қалып барады. Өйткені, мүлде сөйлемейтіндерге назарымызды көп аударып, қазақша сөйлеуге тиісті азаматтарымыздың өзінің дұрыс сөйлеуі, тіл тазалығы жайлы әңгімені ысырып қойғандаймыз. Бірақ бұл ешқашан да естен шығарылатын мәселе емес. Ауызекі тілде орыс сөздерін орынсыз қолдану тілімізді жұтаңдатып, төл сөздеріміздің қолдану аясын тарылта түседі. Бұрыннан еніп, сіңісті болып кеткен «сәпсем», «даже» дегендер түгілі қазір қазақтың «етіп» деген етістігін қосып алып, орыс сөздерін қазақыландыратын «мода» шықты. Мысалы, «волноватса етіп», «опаздат етіп» т.т.с. Оның үстіне қойыртпақ тілді қоюлата түсетін бір тележүргізушілер шығып жүр. Ондайлар өздерінің қойыртпақ тіліне өздері мәз болып, жұртты күлдірмек болады. Осы, орыстан еніп, құлаққа сіңісті болып бара жатқан жоғарыдағыдай сөздерді теріп, олардың қазақ тіліндегі қысқа да, нұсқа сөздігін қамтыған мақала жазуды қолға алмақпыз. Мәселен, онда жоғарыда айтылған «даженің» «тіпті», «совсемнің» «мүлде» деген сияқты қазақша жеңіл аудармалары барын көрсетуді көздейміз. Соған, тіл жанашырлары, сіздердің көмектеріңіз қажет. Күнделікті өмірдегі сөйлемдерімізге «басқыншылықпен» еніп бара жатқан өзіңіз білетін орыс сөздерін «Егеменнің» сайтына салып тұруларыңызды өтінеміз. Ал біз «Егеменнің» бетінде шығатын болашақтағы мақаламызда солардың қазақша жеңіл баламасын көрсетер едік