Марғұлан Әлкей Хақанұлы – ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы‚ шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, филология ғылымдарының докторы (1945), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1958), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961), Қазақстан Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының (1967), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1982) лауреаты. 1904 ж. 11-мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Бастапқы білімді ауыл мектебінен алды. Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсын бітіріп, туған ауылында мұғалім болып істеді. 1921 – 25 ж. Семей педагогикалық техникумында оқи жүріп, “Таң” журналы мен “Қазақ тілі” газетінің редакцияларында қызмет атқарды. Осы жылдары ол Мұхтар Әуезовпен‚ Мағжан Жұмабаевпен танысты. 1925 – 29 ж. Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Шығыстану институтында оқыды. 1930 – 31 ж. Терминологиялық комиссияның ғалым хатшысы, 1931 – 35 ж. Ленинградта аспирант‚ әрі Шығыстану институтының оқытушысы, 1936 – 38 ж. Мәскеудегі материалдық мәдениет тарихы институтының ғылыми қызметкері болды. 1939 – 41 ж. КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесі Тарих институтының аға ғылыми қызметкері болды. 1941 ж. КСРО Ғылым Академиясы Қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп “Хандар жарлығының тарихи маңызы” деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасады (1943). 1945 ж. “Қазақ халқының эпикалық жыр дастандары” тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясы қазақ әдебиеті мен тарихы саласындағы іргелі зерттеулерінің нәтижесі болып табылады. 1946 – 53 ж. Археология, палеолит бөлімінің меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, 1958 – 76 ж. этнография бөлімін басқарды