Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғасыр жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы.Жыраудың “Он екі айда жаз келер”, “Абылай ханның қасында”, “Ханға жауап айтпасам” атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғайды. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Жыраудың табиғат пен адам өмірін астастыра суреттейтін жырлары да мол: “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек”, “Әлемді түгел көрсе де”, т.б. Осының бәрі жыраудың кәнігі шеберлігі мен талғампаздығын танытады. Бұқар Жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған.