Мағжан Жұмабаев (1893-1938)
Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі.Ол артына өшпес рухани мол мұра,өзіне өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырып кеткен.
Жарты ғасырдан аса оның есімін де,шығармаларын да атай алмай келген халқы көп жылдардан кейін ғана ұлы ақынымен сағына қауышқан.
Мағжанның туып өскен жері – Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Булаев ауданы.Әкесі Бекен – көзі ашық, өжет,қайратты, парасатты адам. Көп жылдар болыс болған. Мектеп ашып, мұғалім ұстап,өз балаларының оқуына қамқорлық жасайды.Бұл мектепте патша әскерінен қашып жүрген Ажиетдин Ақанов деген оқыған, білімді башқұрт жігіті мұғалім боп істеген.Зерек Мағжан төрт жасында осы мектеп есігін ашады, хат таниды, Шығыс әдебиетімен алғаш осы мектепте танысады. Қолына түскен қисса-дастандарды оқи бастайды. Ақын Шығыс әдебиеті даналары Фирдоуси, Сағди, Ғафиз,Омар Хаям дастандарын түпнұсқадан оқып-үйренеді.
Оқуға зерек, білімге, білмекке ынталы Мағжанды әкесі Қызылжардағы медресеге оқуға түсіреді.Мұнда ол шығыс тілдерін үйренеді, сол тілдердегі әдебиеттерге ден қояды.Тап осы кездерде ақындық талантының бүрі де ашылады.
Мағжан сол кездерде Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген өлеңдерін оқып, сонан сусындайды.
Ақын мұнан әрі білімін Уфадағы «Ғалия» медресесінде жалғастырады. Медреседе дәріс оқушылар ішінде татардың классик жазушысы Ғалымжан Ибрагимов бар еді.Бұл медреседе сол жылдары бірталай қазақ жастары да оқыған, солардың арасында халқымыздың біртуар жазушысы Бейімбет Майлин де болған.
Мағжан өлеңдерінің тұңғыш рет Қазанда Кәрімовтар баспаханасынан басылып шығуына қол ұшын берген – ұстазы Ғалымжан Ибрагимов.
Шәкіртінің алғырлығын да, зеректігін де таныған ол Мағжанның білімін әрі қарай жалғастыруына да ақыл-кеңес береді.
Мағжан орыс һәм Еуропа мәдениетінен сусындамақ болып, Омбыдағы оқытушылар семинариясына оқуға түседі. Осы оқу орнында ол Сәкен Сейфуллинмен алғаш танысады.Мағжан семинарияны алтын медальмен бітіреді.
Мағжан ана тілінің мол байлығын бойына барынша сіңірген, орыс тілін де жетік білген.Соның арқасында ол Пушкин, Лермонтов, Горкий, Байрон, Гете тағы да басқа орыс, Батыс ақын-жазушыларының шығармаларымен танысып, олардың таңдаулы туындыларын ана тілімізге аударып, халқымыздың игілігіне айналдырған.
Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Ақын ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық өмірге белсене араласады. Соларға ақындық үн қосып отырады. Мағжан өлеңдері негізінен халқының, ел – жұртының тағдырына бағышталған.Мағжан – лирик ақын, сыршыл ақын. Ақын поэзиясының ең қомақты жағы осы лирикалары. Олары романтикалық асқақ сезіммен өрілген. Жан тербетеді, адамды нәзік сұлу сезімдерге бөлейді. Ақын лирикасының тақырыптары алуан: туған жер, ата мекен, халық тағдыры, ар – адамгершілік, шынайы махаббат, т.б.
Мағжан – эпик ақын. Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сияқты поэмалар туған. «Батыр Баян» поэмасында өзінің халқына, Алашына деген суымас перзенттік жүрегінің ыстық сезімін өлең өрнегіне шынайылықпен түсірген. Халқымыздың сондай ер жүрек перзенттерінің бірі – батыр Баян. «Батыр Баян» поэмасы «алашым» деп еңіреп, «майданда жолбарыстай» ерлік көрсеткен осы аруақты көкжал батырға арналған.