Алматы қорығы- Іле Алатауының орталық бөлігіндегі табиғат байлығын қорғау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 1931 жылы құрылған мемлекеттік корық. Ауданы 73,34 мың га (1997). Алматы қорығының құрамына теңіз деңгейінен 1400-5017 м биіктікте орналаскан Талғар тау жоталары енеді. Ол 4 биіктік белдеуден тұрады. Оның орманды-дала белдеуінде (1300-2600 м) алма, өрік, долана, қарақат, итмұрын, ұшқат өседі. Жабайы жеміс ағашты орман Тянь Шань шыршасынан тұратын қылқан жапырақты орманға (1400-2800 м) ауысады. Ал субальпі белдеуі (2600-3000 м) жартастар мен құлама шөгінділерден, шөбі аласа альпі шалғынынан тұрады.