Су көлігі – көлік жүйесінің ажырамас бөлігі. Ол мұнай мен мұнай өнімдерін, ағаш және құрылыс материалдарын жаппай тасымалдауға тиімді. Су көлігінің көліктің басқа түрлерімен, ең алдымен, темір жол көлігімен “тоғысатын” өзіндік ерек-шелігі бар, яғни кемелерден вагондарға және керісінше вагондардан кемелерге тиеу мүмкіндігі зор. Бүгінгі таңда су көлігі Қазақстанда өзен және теңіз көліктеріне бөлінеді. Өзен көлігі кеме қатынайтын өзендерге (Жайық, Ертіс, Сырдария, Есіл, Іле, Қаратал өзендеріне, Балқаш көліне); теңіз көлігі Каспий теңізі алабында қызмет көрсетеді.
Темір жол көлігі – республиканың көлік кешеніндегі маңызды қатынас құралы, көлік инфрақұрылымындағы басты буын. Қазақстанның географиялық жағдайы (теңізге тікелей шығу мүмкіндігінің жоқтығы), оның ұлан-байтақ аумақты алып жатуы, өндірістің шикізаттық құрылымы, өндіргіш күштердің орналасуы, автожол инфрақұрылымының жеткілікті дамымағандығы себепті темір жол көлігінің ел экономикасындағы рөлі айрықша маңызды. Тасымалданатын негізгі өнімдер – көмір, астық, мұнай, кентас, минералдық тыңайтқыш сияқты автомобиль көлігімен тасымалдауға тиімсіз сусымалы және сұйық жүктер.
Автомобиль көлігі – жүктерді таяу және орта қашықтыққа жедел жеткізетін тиімді көлік құралы. Ол Қазақстанда кезең-кезеңмен дамыды. Қазақстандағы халықаралық автомобиль тасымалы, негізінен, халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарында орындалады. Олар 7 дәлізге бөлінеді.